4
Қазақстанда әлеуметтік әл-ауқатты жақсартуға бағытталған маңызды механизмдердің бірі – мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек (АӘК). Бұл бағдарлама табысы аз азаматтарға жан-жақты қолдау көрсету арқылы олардың өмір сүру сапасын арттыруды мақсат етеді.
АӘК жан басына шаққандағы орташа табысы өңірлерде белгіленген кедейлік шегінен аспайтын азаматтарға немесе отбасыларға беріледі. Кедейлік шегі 2024 жылдың IV-тоқсанына күнкөріс деңгейінің 70%-ы мөлшерінде, яғни 36 637 теңге болып бекітілген.
Бағдарлама аясында көмек екі түрде көрсетіледі: Шартсыз көмек – тұрақты табысы жоқ, әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарға арналса, шартты көмек – жұмыспен қамту шараларына қатысуды талап етеді.
Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек төмендегі негізгі бағыттар бойынша жүзеге асады:
* Аз қамтылған отбасыларға ақшалай төлемдер;
* Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу (оқыту, жастар практикасы, қоғамдық жұмыстар, гранттар және тұрақты жұмысқа орналасу);
* Балаларға қосымша төлемдер: 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға ай сайын 5 538 теңге (1,5 АЕК) төленеді. 2024 жылы 7 832 отбасындағы 15 563 балаға қосымша төлемдер берілді.
2025 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша 8 810 отбасындағы 45 955 адамға көмек көрсетілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда көмек алушылар санының 30,8%-ға азайғанын көрсетеді. Бұл өзгеріс жұмыспен қамту шараларының тиімділігінен байқалады.
АӘК-ке өтінім беру кезінде жұмысқа жарамды 12 926 тұрғынның 7 738-і жұмыс істейтіні анықталды. Қалған тұрғындар арасынан 480 адам нәтижелі жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылған. Оның ішінде, 308 адам тұрақты жұмысқа, 48 адам қоғамдық жұмыстарға және 43 адам кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға мүмкіндік алды.
Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек әлеуметтік әлсіз топтарды қолдаудың тиімді құралы болып отыр. Ол азаматтарды жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті дамыту және балаларға қолдау көрсету арқылы қоғамның әл-ауқатын арттыруда маңызды рөл атқарады. Еліміздің экономикалық және әлеуметтік дамуына қосқан үлесімен бұл бағдарлама қоғамдағы тұрақтылықты нығайта түсуде.
Please follow and like us: